Жергілікті атқарушы органдар енді халық үшін ауыз судың бағасын өздігінен бекітетін болады. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, Су кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес өңірлік мәслихаттар енді ауыз судың бір текше метрі үшін төлем мөлшерін өздері белгілей алады. Бұл шешім кезінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен қолданыстағы су тарифтері ескерілуі тиіс.
«Қазір жергілікті атқарушы органдар халық үшін судың нақты құнын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деді комитет басшысы.
Сонымен қатар ол суды нормадан артық тұтынғандарға қатысты жаңа есептеу тәртібін де еске салды. Егер адам басына тәулігіне 140 литрден артық су пайдаланылса, артық көлем үшін төлем мөлшері белгіленген тарифтен 30 пайызға жоғары болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!