Фото: ашық дереккөзден
Жеке тұлғалар 3 жылға дейінгі көлікті елге кіргізе алмайтыны жөнінде жаңа талап ел ішінде көп сұрақ туғызып жатыр. Бұл талаптың мән-жайы, мақсаты неде екенін журналистер Мәжіліс кулуарында қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановтан сұрап көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЛЫҚ ШУЛАП КЕТПЕС ҮШІН…
Ержан Біржановтың айтуынша, бұл шаруаға негізінен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты. Ал қаржы министрлігі өз тарапынан қауіпсіздік шаралары, қадағалау, сертификаттау жұмыстары қалай болатынын салық төлеушілерге жеткізіп жатыр. Бірақ түпкілікті мәселе салалық заңнама арқылы реттелетіні аталып өтеді.
– Бізден басқа екі министрлік түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек болған. Баспасөз хабарламасын таратып, солай жұмыс істейміз деп келіскенбіз. Әрине, халық шулап кетпес үшін салмақты шешім қабылдану керек деп ойлаймыз, – дейді Ержан Біржанов.
Оның сөзінше, мәселені реттеу шешу үшін заңнамадағы өзгерістерді қарастыру керек. Біржанов мұны бір аптада қабылданатын мәселе емес екенін ескертеді. Жеке тұлғаларға көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін СБКТС (көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік) құжаты, ал заңды тұлғаларға КҚТМС (көлік құралының типін мақұлдау сертифиакаты) құжат беріледі. Екіншіден, КҚТМС (көлік құралы түрін мақұлдау сертификаты) алу үшін декларант көлікті өз атына рәсімдеу керек. Яғни, сенімхат арқылы емес өз атына тіркеп қана әкеле алады. Осы мәселе сұрақ туғызып отыр.
– Бір жеке тұлға бір жылда бір көлік қана кіргізе алады деген мәселе бар. Бірақ Кеден кодексіне байланысты екі режим көрсетілген. Бірі – жолаушы декларациясы арқылы. Жалпыға бірдей таратылған режим бойынша да кеден және салық төлемдерін толтырып кіргізе алады. Бұл жерде сілтеме жасалып жүрген 2015 жылғы бұйрықтың мәні мынада: мысалы, ұшақпен басқа елден кіргенде өзіңізбен бірге екі іPhone немесе бір тон ғана кіргізе аласыз. Одан көп болса кедендік кедендік рәсімнен толық өткізу керек деген талап қойылып жатады. Егер кедендік рәсімдерді төлесе, жеке тұлғалар жалпыға бірдей режиммен де толтыра алады. Бұл бюджетті жақсы – ақша түседі. Сондықтан шектеу жағдайларын енгізу талқылауға жататын мәселе деп отырмыз, – дейді Біржанов.
ЖАҢА ТАЛАП
Еске сала кетейік, 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда тебілгеніне 3 жылға дейінгі автокөліктерді елге әкелудің жаңа ережесі енгізілетіні хабарланған еді. Енді ондай көліктерді тек КҚТМС (көлік құралы түрін мақұлдау сертификаты) құжатында белгіленген адамдар ғана елге кіргізе алады. Бұл құжат автокөліктің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайды. Мәселе мынада: бұл құжатты жеке адамдар емес, тек заңды тұлғалар ала алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!