Байқоңыр – ерекше мәртебеге ие, жалға алу жағдайында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі. Осы бірегей статус қаланың тыныс-тіршілігін өзгеше сипатқа бөлеп, даму үдерісін де айрықша үйлесіммен жүргізуді талап етеді. Соған қарамастан, Қызылорда облыстық әкімдігі мен қала әкімшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жыл бойы негізгі салаларда оң динамика сақталып, мәдени, әлеуметтік және экономикалық бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізген. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Байқоңыр қаласының, сондай-ақ іргелес Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік- экономикалық дамуына ерекше мән беріліп отыр. Қаланы дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Бүгінде Байқоңырда 54,3 мың адам тіркелген. Оның 71%-ы – Қазақстан азаматы, 26%-ы – Ресей Федерациясының, ал 3%-ы – өзге мемлекеттердің азаматы. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 1,3%-ды құрайды. Ғарыш саласы мен қала әкімшілігіне қарасты кәсіпорындарда 10 мыңға жуық қазақстандық еңбек етеді. Жыл ішінде 336 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, «Бастау бизнес» жобасы арқылы 19 тұрғынға 29,8 млн теңге көлемінде өтеусіз грант берілді. Бұл қаражат шаштараз қызметі, шағын типография, таза су өндіру, медициналық тексеру кабинеттері мен жартылай фабрикат өнімдерін дайындау секілді бастамаларға бағытталды.

Денсаулық сақтау саласында мемлекетаралық келісім негізінде қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көп бейінді ауруханаға 39 717 тұрғын тіркелген. Материалдық-техникалық база жаңартылып, 806 миллион теңгеге заманауи құрал-жабдықтар алынған. Сондай-ақ аурухана жанынан гемодиализ орталығы ашылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды.

Білім беру жүйесінде 12 мектеп, оның бесеуі – қазақстандық білім стандарты бойынша жұмыс істейді. Жыл соңына дейін бұл тізім тағы бір мектеппен толыспақ. Жалпы 7 390 оқушы білім алады. Қазақстан стандартындағы бес балабақшада 1100 бала тәрбиеленуде.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да ілгерілеу бар.

– Бүгінде Байқоңыр қаласының тұрғын үй қоры 351 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды. Онда 20 684 пәтер орналасқан, жалпы алаңы 1 124,3 мың шаршы метр. Қаланың ерекше мәртебесін ескере отырып, тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсатта Қызылорда облысының әкімдігі 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Бұл – баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін нақты қолдау болғаны сөзсіз.

Сонымен қатар қала аумағында жаңа 7 «А» шағын ауданы қалыптастырылды. Аталған ауданда осы жылдың қаңтар айында тағы да 50 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен салтанатты рәсімде жаңа қоныс иелеріне пәтер кілті табысталды.

Бұл қадамдар қала тұрғындарын баспанамен қамту ісінде оң серпін бар екенін көрсетеді. Дегенмен тұрғын үйге деген сұраныс әлі де өзекті және алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Тұрғын үймен қатар, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінуде. 2019 жылғы 3 сәуірде Мәскеу қаласында қол қойылған «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес, қаланың тұрғын үй қоры толықтай газдандырылды. Сондай-ақ қалаға іргелес орналасқан Төретам және Ақай елді мекендері де табиғи газбен толық қамтамасыз етілді.

Қазір қала әкімшілігі тарапынан «Байконурэнерго» кәсіпорнының жылу электр орталығын мазуттан табиғи газға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы орталықта 15 қазандық бар: оның 12-сі – энергетикалық, 3-еуі – су жылыту қазандықтары. Су жылыту қазандықтары толық газға көшірілді. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жылумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттырып қана қоймай, жылу энергиясы тарифтерінің өсуін тежеуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры мен 84,6 шақырым кәріз желілерін ауыстыру көзделген.

Туризм – экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты. 2029 жылға дейінгі тұжырымдама бекітіліп, бірқатар тарихи нысандар жалдан шығарылды. «Гагарин старты», «Гагарин беседкасы», «Буран» кешені секілді нысандар негізінде жаңа маршруттар ашылды. Ал ғарыш айлағы тарихында алғаш рет заманауи киіз үй үлгісіндегі қазақстандық бақылау пункті іске қосылды.

2025 жылы Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. Мерейтой Үкімет деңгейінде атап өтіліп, бірқатар инфрақұрылымдық және мәдени жобалар қолға алынды. Ашық аспан астындағы музей ашу, орталық алаңды жаңғырту – сол игі бастамалардың қатарында.

Ал ең маңызды жаңалықтардың бірі – ғарыш айлағындағы игерілмей жатқан 200 гектар жердің Қазақстанның меншігіне қайтарылуы. Бұл – тек аумақтық өзгеріс емес, болашаққа жасалған стратегиялық қадам. Сонымен қатар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені жобасы белсенді кезеңге өтіп, 170 мың гектарға жуық жерді жалдан шығару жұмыстары аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін пайдаланылмай жатқан шамамен 28 мың гектар жерді қайтару мәселесі де қаралуда.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!