Sputnik. Қазақстанда балаларға зиянды әрі заңға қайшы контенті бар интернет-ресурстар анықталып, бұғатталды, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Елде «Киберқадағалау» мониторинг жүйесінің арқасында балаларға зиянды және заңға қайшы ақпаратты қамтитын 38 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.

«Ата-ана бақылауын күшейту өте маңызды. Бала қандай сайттарды қарайтынын, кіммен онлайн байланыс жасайтынын қадағалау қажет. Сондай-ақ, құрылғыларда ата-ана бақылауы функцияларын қосып қойған жөн. Бұл қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, баланы зиянды контенттен қорғауға мүмкіндік береді», — деді комитет төрағасы Насымжан Оспанова.

Еске салайық, Қазақстанда балаларды зиянды ақпараттан қорғау жүйесі «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына негізделген. 2022 жылы заңнамаға «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары енгізілді, ал 2024 жылдан бастап жәбірлеу үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.

Ведомство мәліметінше, биыл 10 айдың қорытындысы бойынша 339 әкімшілік іс тіркеліп, олардың 198-і буллинг фактілері бойынша жауапкершілікке тартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!