Балаларды уақытша қарап беретін орталық ашу қажет пе?

19 мамыр күні Шымкентте бір үйдің үш баласы көлік ішінде тұншығып көз жұмды. Құқық қорғау органдары балалардың ата-анасы жоқ кезде жүксалғышқа кіріп, кейін шыға алмай қалғанын айтты. Оның алдында 11 мамыр күні елордада сегізінші қабаттың ернеуіне ілініп тұрған кішкентай қызды Сәбит Шонтақбаев есімді азамат құтқарып қалған еді. Балалар қауіпсіздігі неге әлсірет кетті?

Осы орайда «Сөздің шыны керек» бағдарламасы қараусыз қалған балалар жайын кезекті шығарылымына арқау етті.

Шатырда жүгірген балалар

23 мамыр күні сағат 19.45 шамасында Ақтау қаласында полиция бөліміне балалардың шатырда жүгіріп жүргені туралы ақпарат келіп түсті. Көп қабатты тұрғын үй Green Park кешеніне тиесілі. Хабарланған мекенжайға барған құқық қорғау қызметкерлері ешкімді таппаған.

Алматы қаласында құрылысы аяқталмаған нысанға шығып ойнап жүрген балалар үшін алаңдаған полиция қызметкерінің өзі биіктен құлап, ауыр жарақат алды.

17 мамыр күні Оралдағы аудандық ауруханалардың бірінде кішкентай баланың үстіне теледидар құлап кетті. Бала жабық бас-ми жарақатын алды.

Ал Шымкенттің Қаратұз ауданында бір отбасы үш бірдей баласынан айырылды. Полиция мәліметінше, 19 мамыр күні балалар ата-анасы жоқта жүксалғышқа кіріп, кейін шыға алмай қалған. Екеуі жүксалғыш ішінде, бір бала жансақтау бөлімінде көз жұмды.

«Жасөспірім балалардың өлімі бойынша тергеп-тексеру амалдары басталды. Сот сараптамасы тағайындалды», – деді Шымкент ПД тергеу басқармасының басшысы Дәулеткелді Әбдіраманов.

 «Бала қарайтын орталық ашу қажет»

«Ақ желкен» балалар мен жасөспірімдердің республикалық журналының бас редакторы, өзі де көп балалы әке Есей Жеңісұлы жалғызбасты аналардың жайы парламент деңгейінде көтеріліп, олардың мектеп жасына жетпеген балаларын аналары жұмыста болған кезде уақытша қарай тұратын орталықтар ашылуы керек деген ұсыныс айтты.

Бұл проблемамен күнде бетпе-бет келіп жатқандықтан, парламент деңгейінде көтеру керек шығар. Қоғам дамыған сайын жалғызбасты аналар да көбейеді. Себебі жауапкершілігі жоқ ер азаматтар саны артады. Осы орайда қараусыз қалған балаларды бір уақыт аралығында қарайтын орталықтар ашу керек шығар», – деді Есей Жеңісұлы.

 «Ана тілегі» қоғамдық ұйымының басшысы, жалғызбасты аналарға арнайы статус беріліп, соның аясында мемлекеттен белгілі бір көмектер көрсетілсе, дейді. Сондай-ақ ол бір жасқа дейін ғана бала күтімі үшін төленетін төлем уақыты ұлғайтылса деген пікірде.  

«Әйелдерге бала күтімімен бүлдіршін 7 жасқа толғанша отырса деген мәселені көтеріп жатырмын. Себебі, жеті жасқа дейін баланы балабақшаға алып барып-әкелу керек. Бастауышта мұғалім баланы ата-анасы келмейінше жібермейді», – деді «Ана тілегі» қоғамдық ұйымының төрайымы Әсем Жолдасбекова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!