2025 жылғы 22 қазанда, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарға банк карталарына қатысты маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қадағалау органы еске салғандай, 16 шілдеде мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша заңға қол қойған болатын.

«Азаматтардың киберкеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз ақша айналымы арналарын жабу мақсатында «дропперлік» үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді — яғни, өз банк карталарын, шоттарын және өзге де төлем құралдарын сыйақы үшін үшінші тұлғаларға беру әрекеттері (ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енді)», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Бас прокуратураның мәліметінше, заң күшіне енген сәттен бастап елде аталған бап бойынша 7 қылмыстық іс тіркелген.

Мысалы, Астанада 17 жастағы жасөспірімге қатысты тергеу басталды. Ол алаяққа өз банк шотының деректерін беріп, Қазақстан азаматының ақшасын заңсыз аударуға көмектескен. Сыйақы үшін осындай әрекетке барған жасөспірімге енді 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Қадағалау органы мұндай салдар шетел азаматтарына да таралатынын атап өтті – егер олар өз шоттарын немесе карталарын қылмыстық схемаларда пайдалануға берсе, соның ішінде шетелден де.

«Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабындағы ескертпе бойынша, егер адам заңсыз әрекетке тартылғанын өз еркімен хабарлап, құқық қорғау органдарына көмектессе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», – делінген прокуратураның түсіндірмесінде.

Азаматтарға егер бұрын өз шоттарын үшінші тұлғаларға берген болса, банк бөлімшесіне жүгінуге немесе онлайн-банкинг арқылы картаны дереу бұғаттауға кеңес берілді.

«Азаматтарды қылмыскерлердің қолындағы құралға айналмауға шақырамыз», – деп қорытындылады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Бұл норма 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!