Қазақстанның әр 5 азаматының екеуі қаржылық қиындығын несие алу арқылы шешкен. Жыл сайын жүргізілетін өмір сапасына қатысты зерттеудің нәтижесіне сәйкес, 2021 жылы соңғы 12 айда респонденттердің қаржы туралы пікірі жаман жаққа өзгерген. Бұл 2020 жылы коронавирустық инфекцияның таралуымен байланысты. Ал өткен 2022 жылы елімізде 1,3 миллион адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырды деген дерек бар.
нкке қарызы 4 трлн теңге көлемінде болған. Ал 2022 жылы 6,6 трлн-нан бір-ақ шықты. 3 жылға толмайтын уақыттың ішінде қарыз көлемі 61 процентке ұлғайған. Сарапшылар несие алатын азаматтардың көбеюін тікелей қымбатшылықпен байланыстырады. Мәселен, қазір отандастарымыз табысының 50-55 проценттен астамын азық-түлік сатып алуға жұмсайды. Одан бөлек керек-жарағы, жаңартатын киімі, дәрі-дәрмегі мен жолға кететін шығынын есептеңіз. Бір сөзбен айтқанда, тапқан табыс қажеттіліктен әрі аспайды. Сондықтан елімізде жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қабылдау мәселесі туды, яғни әлдебір себептерге байланысты қарызды төлеу мүмкіндігі болмаса, заң жүзінде борыш жойылады.
Кредиттік рақымшылықтан айырмашылығы бар
Бұл заң жобасы өткен жылдың басында қызу талқыға салынды. Ал мамыр айында құжат мәжіліс депутаттарының қарауына түсті. Бұл ретте «Бастаманың кредиттік рақымшылықтан айырмашылығы қандай?» деген сауал туындайды. Қазіргі заң жобасында сотсыз және сот арқылы банкроттық жариялау шаралары қарастырылғанын айту керек. Соттан тыс банкроттық туралы өтініш уәкілетті органның интернет-ресурсы немесе салықтық мобильді қосымша арқылы жіберіледі. Онда кредитордың атауы, берешек сомасы жазылады. Сондай-ақ, үш шартты құжатпен растау қажет. Олар сот орындаушысының өндіруге жататын мүлік пен ақшаның жоқтығы туралы атқару құжаты, өзге де атқарушылық істің болмауы, қарызды реттеу жағынан барлық шараларды (өтініш жазу, кредит мерзімін ұзарту, қарызды қайта құрылымдау және т.б.) жасап көру.
Бұдан бөлек, тағы екі негізгі талап бар. Біріншіден, банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлар алдындағы қарыздың сомасы 4,9 миллион теңгеден аспауы шарт. Ал борышкердің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 36 018 теңгеден артылмайды. Соттан тыс банкроттық рәсімі алты ай жүргізіледі. Осы уақыттың ішінде оның қаржылық жағдайы жақсарса, сотсыз банкроттық жариялау рәсімін тоқтату қажет. Қарыздың мөлшері 4,9 млн теңгеден артық болса, жеке тұлғаның банкроттығын сот арқылы рәсімдеу керек. Борышкердің атында тіркелген мүлік аукцион арқылы сатылады. Ал одан түскен ақша қарызды жабуға жұмсалады. Бұған қоса банкроттың банк шоттарындағы ақша мен салымдар қаржы басқарушысының арнайы есепшотына аударылады.
Төлем қабілеттілігін қалпыну келтіру – борышкер үшін міндетті шара. Сотта банкроттықтан бөлек өтініш берген адамның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары да бекітіледі. Оны орындау мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Мерзімінен бұрын орындауға рұқсат бар. Жоспарда қарыздан құтылудың нақты шаралары көрсетілуі шарт. Олар – қарызды кейінге қалдыру, бөліп төлеу, бір бөлігін кешіру, қарызды төлеу мерзімін ұзарту, кепілзатты беру. Борышкер өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы жалған ақпарат берсе, әкімшілік, тіпті, қылмыстық жазаға да тартылуы мүмкін.
Заң күшіне енді
2022 жылдың соңында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» осы Заңды мақұлдады. Енді 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш беруге болады.
Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы емес. Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкер мыналарды білгені дұрыс: 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбард тардың микрокредиттерін алуды қоспағанда, қайта банкроттық 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады, банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.Сондай-ақ, алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.
Халықаралық тәжірибе түйіні
Жалпы, бірқатар дамыған елдерде бұл мәселе бір жолға қойылған. Ресейдің өзінде жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қолданыста. Мәселен, Ресейде осы заң енгізілгеннен бастап жыл сайын 15-25 мың азаматтың борышы жойылады екен.
АҚШ-та банкроттық туралы істерді мамандандырылған соттар қарайды. Азаматтың немесе компанияның жеке жағдайына байланысты банкроттық рәсімдерінің әртүрлі түрі бар. Мәселен, білім алуға арналған несиелер, балаларды дамытуға арналған қаражат, алимент, сот шешімімен төленетін айыппұлдар, жарақат алуға байланысты міндеттемелер, ипотека бойынша төлемдер кешіруге жатқанымен, алаяқтық секілді жолмен алынған қарыз мемлекет есебінен кешірілмейді. Осылайша, АҚШ заңы азаматтарды сауықтыруға, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, «жаңа өмір» бастауға мүмкіндік береді. Ал Швецияда банкроттық туралы заңға қосымша ретінде «Қарыздан құтылу туралы» заң қабылданған. Ұлыбритания мен Францияда қарыз мерзімі 120 күннен асатын міндетті банкроттық институты бар. Жапонияда қарызды мүлік сату арқылы өтеу, «жою» процедурасы деп аталады. Бірақ өзін банкрот деп жариялаған азаматтар компанияларды басқару құқығынан айырылады.
Ал бізде аталған заңның алдағы уақытта қалай жүзеге асары уақыт еншісінде. Оның үстіне құжат барлық жеке тұлғаны бірдей банкрот деп тани бермейді. Қатаң талаптарға сай 500 мың борышкердің 5-10% ғана банкрот деп танылуы мүмкін екенін қаперге алған жөн.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!