Қиын жағдайға тап болған аналардың табысын арттыру үшін Қазақстанда «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтарын дамыту жұмыстары жалғасады.
Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Үкімет бұл бағытты халықтың табысын арттыру бағдарламасына енгізіп жатыр», – деді ол ҚХА республикалық Аналар кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, аталған шаралар Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы мен табысты аналардың қатысуымен Кәсіби даярлау және қайта даярлау орталықтарында өтеді. Осылайша, мотивациялық кездесулер топтамасы, тұлғалық өсу бойынша шеберлік сыныптары, тренингтер, семинарлар мен коуч-сессиялар ұйымдастырылады. Мұның бәрі нақты әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізіп, жеке және іскерлік қасиеттер мен кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған.
Сонымен бірге Н.Шанаи «Бақытты отбасы» орталықтары қиын жағдайдағы аналарға көмектесуге бағытталғанын еске салды. Қазақстан бойынша барлық 17 облыс орталығы мен ірі қалалардағы аудандарды қоса алғанда, осындай 34 орталық жұмыс істейді. Мысалы, Алматыда тоғыз «Бақытты отбасы» орталығы бар.
Айта кетейік, елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы таныстырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!