Фото: hcbarys.kz

Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 3 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізді, – деп хабарлады Қазақпарат.

Кейінгі бес ойында қатарынан екі мәрте жеңіске жеткен елордалық клуб өткен турда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына 1:2 есебімен жол берген еді. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында олар бүгін жеңіске жетуге күш салды.

Дегенмен алғашқы болып ресейлік клуб есеп ашты. Бұл голды 18-минутта Вячеслав пещенко өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде елордалық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 27-минутында Кирилл Савицкий дегеніне жетті.

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттен «Барыстың» жолы болды.

Осылайша елордалық клуб қарсыласын буллитен 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бір сатыға көтерілді. Қазір олар 22-орында тұр.

Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 5 қарашада ресейлік «Ак Барс» (Қазан) командасымен ойнаса, одан кейін 7 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!