Қазақстанның Бас прокуратурасы 2012 жылы «Арқанкерген» шекара заставасында 15 адамды өлтіру ісі бойынша сотталған Владислав Челахтың өтінішіне қосымша тексеру жүргізуге уәде берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Өтініш Бас прокуратураға келіп түсті. Қосымша тексеру жүргіземіз, себебі бұл істің он жыл бұрын болғанын жақсы білесіздер. Қажет болған жағдайда одан жауап аламыз», – деп мәлімдеді Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев.
2012 жылы 28 мамырда «Арқанкерген» бекетінде 15 адам оққа ұшқан. Оның 14-і әскери қызметкер, соңғысы орманшы еді. Жаппай қырғынға қарағандылық Владислав Челах кінәлі деп танылып, өмір бойына сотталған. Ол жазасын Қостанай облысындағы Жітіқара түрмесінде өтеп жатыр.
Сотталушы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан рақымшылық жасауды өтінген. Алайда 2014 жылдың 4 ақпанында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы да үкімді өзгеріссіз қалдырды.
2015 жылдың 2 ақпанында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Челахтың шағымын қарауға қабылдады. 2017 жылғы 7 қарашада шағым комитетте қаралып, қанағаттандырылған. Комитет Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабын бұзып, сол арқылы Челахты әділ және бейтарап сот қарау құқығынан айырған деген шешімге келген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!