Қазақстанда үй сатып алу кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу ұсынылып отыр. Отбасы банк төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл нарықта әділдік орнатуға және алданған үлескерлер санын азайтуға көмектеседі, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенат дәлізінде Отбасы банк басшысынан ҚҚС (қосылған құн салығы – еск.) өсімі Қазақстандағы тұрғын үй нарығы мен бағасына қалай әсер етуі мүмкін екені сұралған.
Ләззат Ибрагимованың сөзінше, бухгалтерлік есеппен, ҚҚС-пен жұмыс істейтін ірі компаниялар баға өскенін сезбейді. Алайда бір-екі үй салатын шағын құрылыс компаниялары есеп жүйесін қайта құруы қажет болады.
«ҚҚС өсімі бухгалтерлік есептері дұрыс, ҚҚС-пен жұмыс істейтін ірі компанияларға әсер етпейді. Өйткені сатып алынатын материалдар мен шикізатты дұрыс есепке алса, ҚҚС салынып қояды және оны шегеруге болады», – деді Ибрагимова.
Алайда кішігірім компаниялар үшін бұл жаңалық қиынға соғуы мүмкін, өйткені олар ашық есепке көшуге мәжбүр болады.
«Қазір көптеген құрылыс компаниясы салықтан жалтару үшін бірнеше шағын фирма құрып алады. Осылайша үлескерлер далада қалып жатады, өйткені шағын құрылыс компаниясына ақша салады да, кейін құрылыс компаниясын таба алмай қалады», – деді банк басшысы.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, тағы бір маңызды бастама – жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу.
«Қазір екі бастама маңызды: бірі – қолма-қол ақшасыз үй сатып алу. Бұл нарықты көлеңкеден шығаруға көмектеседі. Оған қоса тұрғын үй сатып алу кезінде ҚҚС енгізу бар», – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!