Фото: Kazinform/Ғайсағали Сейтақ

Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу және құтқару жұмыстары жалғасуда. Толығырақ БҚО Төтенше жағдайлар департаменті Ақпараттық-аналитикалық тобының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұржан Төлеуіш айтып берді, – деп хабарлады Kazinform.

«1 сәуірде су тасқынына байланысты БҚО-да төтенше жағдай жарияланды, қазір қауіптің беті әлі сейілмеді. Бүгінде су тасқынының алдын алу және құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі күні облыс бойынша 7900 адам, оның ішінде 3538 бала эвакуацияланды. Өңірде 161 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр, онда 1 мыңнан астам адам бар, қалғандары туысқандыранда орналасты. БҚО бойынша 10 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр, бірақ олар азық-түлік қорымен қамтылған», – деді Нұржан Төлеуіш Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, облыс аумағында 1 млн текше метр қар суы тартылды. Су ағынына бөгет ретінде 200 мыңнан астам құм қап төселді.

«Құтқару және топан судың алдын алу жұмыстарына 1900-ден астам жеке құрам және 300 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар қосымша көмек күші ретінде Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменді мен Ұзынағаш әскери бөлімінің күші тартылды. Қазір Орал қаласында 10 бекет дайындалды, Жайық өзенінің арнасы күнделікті бақылауда. Өзеннің су деңгейі 680 сантиметрді құрап отыр, ал қауіпті мөлшер 850 сантиметр деп есептеледі. Күнделікті мониторинг арқылы Жайық өзені суының көтеріліп келе жатқаны байқалады. Осы орайда өзен маңындағы адамдар қауіпсіз аумақтарға көшіріліп жатыр. Сонымен қатар тұрғындарды құлақтандыру шаралары жүргізіліп жатыр», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!