Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімдігінің ақпаратынша, киіктерді аулау жұмыстары 30 қарашаға дейін жалғасады. Осы жұмысқа 40-қа жуық маман тартылып, 4 арнайы бригада жасақталған. Әр бригада 3 техникамен қамтамасыз етілген, жалпы саны 12 техника жұмылдырылып отыр.

«Ауланған киік еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі. Атап айтқанда, бұл өнімдерді «Кублей» ЖШС, «Жеңіс» ЖК, «Батыс-Нық» ЖШС және «Хаиров» ЖК қабылдайды. Болашақта тағы басқа ет комбинаттарының да бұл іске атсалысуы жоспарланып отыр», – деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.

2025 жылы жүргізілген авиациялық есеп нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктердің жалпы саны 2,3 млн басқа жеткені анықталған. Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, популяцияға залал келтірмей, оның тек 20 пайызына, яғни 460 мыңға дейін ғана реттеу жүргізуге болады. Яғни бұл – ғылыми-зерттеулер мен табиғи тепе-теңдікті сақтау талаптарына негізделген шектеу, дейді әкімдік.

Мамандардың айтуынша, киік популяциясының бақылаусыз көбеюі ауыл шаруашылығы жерлеріне елеулі зиян келтіріп, экожүйеде теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан киік санын реттеу жұмысы Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес, барлық заңнамалық және экологиялық нормаға сай жүзеге асады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!