Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында бейәдеп сөздер айтқан ауыл әкіміне қатысты сот шешімі шықты.
Зайсан аудандық сотында Шілікті ауылының әкіміне қатысты «ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.
Сотпен анықталғандай, 2025 жылдың 6 қазанында сағат 15:00 шамасында лауазымды тұлға әкімдік ғимаратындағы қызметтік кабинетінде, ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, бейәдеп сөздер айтқан.
«Сот процесі барысында шенеунік өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға қатысты бейәдеп сөздер айтқанын жоққа шығармады. Ол жасаған әрекетіне өкінетінін білдіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады», – деп жазылған облыстық әкімдік таратқан хабарламада.
Әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалғаны сотта қаралған бейнежазбамен, куәлардың айғақтарымен және өз түсініктемесімен расталды.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен ауыл әкімі әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!