Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы  полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы Жедел кеңес өткізіп, ағымдағы жылдың 3 айын қорытындылады. Жиынға департаменттің басшылығы мен жеке құрамы, оның аумақтық бөліністерінің басшылары қатысты.

Жедел кеңес барысында департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы ең алдымен Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Алқа отырысында алға қойған басты талаптары мен берген тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді. 

Министр Қызылорда облысында мал ұрлығының алдын алуда нақты талаптар қойды. Осыған байланысты Департамент бастығы барлық басшыларға жедел әрі тиянақты қызмет ету керектігін түсіндірді. Жергілікті атқарушы органдармен үйлесімді іс-қимыл жасау, мал жаю ережелерінің сақталуын, әсіресе жиі ұрланатын иесіз жүрген малдарды қарау, мал жайылымдарын қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, департаменттің жеке құрамы арасындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйіне тоқталды. Жиын барысында кейбір басқармалар мен аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына жедел-қызметтік жұмыстың қажетті деңгейде ұйымдастырылмағанын айтып, сынға алды. Барлық жіберілген кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» реформасы шеңберінде полиция жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Полиция органдарының ағымдағы жылғы І тоқсандағы жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы туралы Департамент бастығының орынбасарлары баяндама жасады. Облысымыздың тәртіп сақшылары  азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында қоғамдық орындардағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қылмыстарды болдырмау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында  жұмыстар атқаруда.   

«Атқарылған шаралардың нәтижесінде өңірімізде қылмыстық ахуал  тұрақты, қылмыс саны төмендеді. Полиция департаменті өз құзыреті шегінде тиісті жұмыстарды атқаруда.  Қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеттерінің бірі қолжетімділікті және  ашықтықты арттырып, тұрғындармен өзара тиімді байланыс жасау тиіс. Сондықтан жұмыс тиімділігі халықтың сенімімен ғана өлшенеді», – деді  Бектөре Жеңісбайұлы.

Кеңес қорытындысы бойынша Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқарма, бөлім, бөлімше басшыларына алдағы уақытта іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын  нақты міндеттерді қойды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!