Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Министр елдің 2023–2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын қалыптастырудың негізгі факторларын атап өтті.
Біріншіден, болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректерін, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулерін ескере отырып қалыптастырылды. Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3%-ды құрайды, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 $ деңгейінде қалыптасады деп отыр.
Ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды. Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 % деңгейінде, 2024 жылы – 4-5%, 2025 – 2027 жылдары 3-4% деңгейінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдетіледі деп күтілуде. Номиналды ішкі жалпы өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд АҚШ долларынан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі, – деді Әлібек Қуантыров.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!