Астана тұрғыны бір түнде бірнеше автокөліктен ұрлық жасаған, деп хабарлайды  қалалық Полиция департаменті. Полицияға бірден елорданың бірнеше тұрғыны хабарласып, белгісіз біреулер Мұстафин көшесіндегі үйдің жанында тұрған көліктердің терезелерін сындырып, ұрлық жасағаны туралы арызданған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікті ұсталды. Ол елорданың 20 жастағы тұрғыны болып шықты.

Анықталғанындай, түнгі уақытта сағат 04.30 шамасында қаскүнем мас күйінде, тұрақта тұрған «Honda Accord» маркалы автокөлікте дабыл жүйесінің жоқтығын байқап, алдыңғы әйнекті таспен ұрып сындырған. Ол көлікке кіріп, тұрмыстық химиялық заттарды ұрлаған. Бірақ бұл оған жеткіліксіз болып көрінді және ол тағы үш көліктен дәл осылай ұрлық жасаған. Жас жігіт қолына түскеннің бәрін ұрлаған: автомагнитоладан бастап балық аулайтын қармақ пен күннен қорғайтын көзілдіріктерге дейін алып кеткен», – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған адам кінәсін мойындады, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!