Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров ақылы жолдардан миллиардтаған пайда көретін «ҚазАвтоЖол» компаниясының жұмысын сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, жақында «AMANAT» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өткен.  

«ҚазАвтоЖол» тарапынан жұмыстар сапасыз жасалғаны анықталды. Мәселен, былтыр «ҚазАвтоЖол» ақылы жолдардан шамамен 70 млрд теңге пайда тапқан. Әрине, тұтынушыларда бұл ақша қайда, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалады деген орынды сұрақ туындайды. Біз компанияға азаматтық қоғамның мүшелері тартылады деп келістік. Олар компания менеджментімен бірлесіп, шығыстарды оңтайландыруға, тиімділікті арттыру туралы ұсыныстар береді, қаражаттың қайда жұмсалғанын бақылайды», – деді Сайыров Мәжіліс кулуарында.

Депутат инфрақұрылымдық жобалар құнының көтерілуі ел бюджетіне теріс әсер ететінін атап өтті.

«Сондықтан біз инфрақұрылымдық жобалардың, соның ішінде жол құрылысы құнының көтерілуімен күресуіміз керек. Бұл бюджетті оңтайландыру үшін де, халық ақшасын үнемдеу үшін де өте маңызды», – деді мәжілісмен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!