Фото: Көрнекі сурет

Қазақстанда біреудің әнін рұқсатсыз пайдаланғандар үш жүз мың теңге айыппұл төлеп, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы «Информбюро» жаңалықтар қызметі мәлімдеді.

Әділет министрлігі авторлық құқыққа қатысты әкімшілік-жауапкершілік енгізуді қарастырып жатыр. Сонымен қатар тауар белгісін заңсыз пайдаланғандарға да жаза күшейетін болады.

Жаңа заң жобасында автордың кез келген туындысын рұқсатсыз алып, өз мақсатына пайдаланатындарға жазаны күшейту қарастырылған. Заңсыз ісі үшін азаматтарға 295 мың 360 теңге айыппұл немесе үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Аталмыш бастамамен композитор Әзиз Балтабекұлы да келіседі. Ол жазаны күшейту заңсыздықтардың алдын алуға сеп болады дейді. 

«Бізде көп жағдайда ешбір рұқсатсыз. Әрине, көпке топырақ шашпаймын, бәрі солай орындайды деп. Бірақ басым көпшілігі әндерді рұқсатсыз алады. Кавер деп жатады, тіпті кавер болған күннің өзінде автордан бір ауыз сұралып, ауызша болсын рұқсатын алу керек. Тик-токқа ғой, өзіміз жай шығара салдық қой деген бардым-жүрдім нәрсе дұрыс емес қой. Егер де авторлық құқық мәселесі қатаңдатылып, жаза күшейсе, біраз жүйе орнына келер деп өз басым есептеймін», – дейді композитор, әнші Әзиз Балтабекұлы.

Көшеде, мейрамханада, караокеде де орындаушы біреудің туындысын орындау үшін міндетті түрде ұжымдық ұйымдармен шарт жасасуы тиіс. Шартқа сәйкес шығарма иесіне ай сайын сыйақы беру міндеттеледі. Сондай-ақ министрлік тауар сыртындағы таңбаларды заңсыз пайдалану әрекеттеріне де шара қолданбақ. 

«Қазіргі таңда елімізде тауар таңбаларын заңсыз пайдалану және жасанды тауар өнімдері нарықта кең таралуы өзекті мәселе болып отыр. Осыған сәйкес ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық кодекстің 222-бабына сәйкес бұндай тауарларды пайдалану жөніндегі қылмыстық жазаны қатаңдатпақ. Осылайша, жауаптылар жыл соңына дейін айыппұлдың жаңа түрін енгізбек. Әзірге заң жобасы пысықталып жатыр», – дейді Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы департаментінің бас сарапшысы Ботагөз Сатжанова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!