Фото: Amanat
Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген жиынында айтты.
Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, мәжілісмен Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының, Жетісу облысының және өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттық корпус атына келіп түскен көп өтінішке назар аударды.
Депутат Ерлан Саиров үйлесімді қоғам құру үшін Парламент пен Үкіметтің осы мәселе бойынша біртұтас ұстанымы болуға тиіс екенін мәлімдеді. Депутат Ю. Кучинская мұндай мәселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек деген пікір білдірді.
Депутаттар Р. Заитов, Ұ. Тумашинов, Н.Сабильянов, Е. Жаңбыршин, Б. Нәжіметдинұлы, Н. Дементьева, Д. Мұқаев және тағы да басқалар өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Фракция жиынын қорытындылай келе Мәжіліс спикері уақыт белдеуін өзгерту қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екенін атап өтті. Ол мұндай шешімдерді алдын ала егжей-тегжейлі талдау және кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін жеткізді.
Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар сұрақтың жауабын беруге тиіс.
Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз, –деді Ерлан Қошанов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!