Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 26 студенті Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болды. Президенттік стипендия биылғы қыркүйек айынан бастап оқу үлгерімі «өте жақсы» және университеттің қоғамдық жұмыстарында белсенділігімен ерекшеленген білім алушыларға тағайындалып отыр.

Білімді әрі белсенді жастарға қашанда жүйелі қолдау бар. Президенттік стипендия иегерлерінің бірі – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті, «Жауқазын» студенттік театрының төрағасы Ақниет Мәулен.

“Оқу орнына алғаш қабылданғанда Президенттік стипендия иегерлерімен танысудың сәті түсті. Сол кезде «мен де осындай үздік студент боламын» деген мақсат пайда болды. Бірақ Президенттік стипендия 3-курстан бастап тағайындалады екен. Ол үшін екі курс бойы барлық пән бойынша «өте жақсы» оқу қажет болды. Алдыға қойған мақсатыма жетіп, қазір 81 мың теңгеден астам шәкіртақы аламын”,– деді Ақниет Қайратқызы.

Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге беріледі.
Стипендия білім алушылардың мынадай санаттарына тағайындалады:
1) республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалық авторлары;
2) ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар;
3) табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;
4) білім беру ұйымының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.

Дереккөз, фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!