Сурет: Baraev.kz

Былтыр біздегі дихандар 24 млн гектар жерге дән екті. Жауапты министрлік, мұны 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп екенін айтып, бөрігін аспанға атқан еді. Бірақ жиын-терім жылдағыдан айтарлықтай аз болды. Сандарды сөйлетсек, өткен жылы өнім 2022 жылға қарағанда 22 пайызға кем жиналды. Себебі ала жаздай қуаңшылық қос бүйірден қысты. 

Саладағы сарапшылар селдің салдарынан жердің ылғалдылы артуы мүмкін, дейді. Әсіресе тасқын жүрген аймақтардың егіншілері көктемгі қарғын су мен көктен түсетін тамшыға көп үміт артады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

«Биылғы мына тасқынның егінге енді зияны болады деп оны қайта ала аламыз? Күздік дақылдар зардап шеккен жоқ және мынау жердің ылғалдылғы биыл жақсы болады деп, сосын енді егістік   жақсы шығады ма деп ойдамыз», – дейді Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықов.

Елдегі агросектордың локомативтері Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында егін маусымы мамырсыз басталмайды. Сол себепті биылғы тасқыннан келетін қауіп те, салдар да жоқ дейді. Мәселен, қостанайлықтар биыл 4 млн гектар жерге егін егуге ниетті. Соқасын сайлап, техникасын майлап отыр, мұндағылар. Сәуірдің соңында далалық дайындық жұмыстарын бастамақшы. Солтүстік Қазақстандағы егіншілер де мамырда дән тастаймыз дейді. Олар да қар суының молдығы қуаңшылықтан құтқарды дегенге келтірді. Биыл өңірдегі меже – 4,5 млн гектар алқапқа дән себу.

«Елімізде орын алып отырған жағдайға байланысты жұмыс уақыты өзгермейді. Қазір барлығы  бақылауда. Көктемгі далалық жұмыстарды бақылау үшін жедел штаб құрылды. Туындаған проблемалар жедел түрде шешілеуде. Биыл 4 млн тоннадан астам астық жинаймыз деген мақсатымыз бар. Тағыда айтқым келеді су тасқыны егін ешқандай кедергісі жоқ. Қайта жер ылғалдылығы артса егін мол бола ма деген болжам бар», – дейді СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Дегенмен, үміт пен күдік қатар. Былтыр ауыл шаруашылығы мамандары «келер жылы 2,5 млн гектар алқапты шегіртке басады» деп күдіктенген еді. Ендігі қауіп сол ғана. Дихандарды да тек осы мәселе ғана алаңдатады.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!