2025 жылы елімізде егіс науқаны алғаш рет белгіленген мерзімінде сәтті аяқталды. Бұл жетістік қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мүмкін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет фермерлерді қаржыландыру тетігін өзгертіп, жеңілдетілген несиелерді бұрынғыдай көктемде емес, алдын ала – 2024 жылдың желтоқсанынан бастап қолжетімді етті. Бұл шешім шаруаларға қажетті ресурстарды ертерек сатып алып, көктемгі жұмыстарды уақытылы бастауға жол ашты.

Мемлекеттік қолдаудың, диқандар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында егіс жұмыстары агротехникалық талаптарға сай жүргізіліп, негізгі дала жұмыстары уақытынан бұрын орындалды. Бұл өз кезегінде стратегиялық маңызды дақылдардың көлемін арттырып, техникалық базаны жаңартуға сеп болды. Осылайша, болашақта мол өнім алу мен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қаланды.

2025 жылғы егіс науқаны еліміздің егіншілік саласына деген жаңа көзқарас аясында өтті. Оның басты ерекшелігі – ауыл шаруашылығын әртараптандыру және бір ғана дақылға тәуелділікті азайту болды. 6 маусымдағы жағдай бойынша жоспарланған 23,7 млн гектар жердің 100%-ына дән себілді.

Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі климаттық өзгерістерге бейім дақылдарға қайта бөлуге басымдық берілді. Бұл қадам ғылыми негізделген ауыспалы егіс қағидаларын сақтауға және нарық талаптарын ескеруге мүмкіндік берді.

Сұранысқа ие дақылдардың егіс көлемі айтарлықтай артты:

  • майлы дақылдар – 3,4 млн га (өткен жылдан +0,5 млн га),
  • мал азығы дақылдары – 3,3 млн га (+114 мың га),
  • дәндік жүгері – 167,5 мың га,
  • көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың га.

Әлеуметтік маңызы бар дақылдардың ішінде картоп алқаптары 83,4 мың гектарға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 11,3 мың гектарға көбейді.

Сонымен қатар ресурсты көп қажет ететін және баға өзгерісіне тәуелді дақылдардың көлемі қысқарды. Атап айтқанда, бидай алқабы 13 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 187 мың гектарға кеміді.

Егісті әртараптандыру стратегиясы елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Тұқым қорына келсек, биылғы егіс науқанына республика бойынша 2,3 млн тонна тұқым дайындалды. Бұл шаруалардың дала жұмыстарына еш кідіріссіз және ресурс тапшылығынсыз уақытында шығуына жағдай жасады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!