ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы егін науқаны қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл жаһандық климаттық өзгерістердің әсерінен, сондай-ақ көршілес елдердің антропогендік әсерінен суармалы судың тапшылығы өткір сезілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігін жекелеген өңірлердегі суармалы жерлерді сумен қамтудағы күрделі жағдай алаңдатады. Себебі бұл шаруалар арасында әлеуметтік шиеленіс туғызуда. Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша, жаздық дақылдар 21 млн гектар алаңға немесе жоспардың 100,6% егілді», – деп жазылған министрліктің ресми жауабында.
Оның ішінде дәнді дақылдар –15,7 млн гектар жерге, майлы дақылдар – 3,3 млн гектарға, картоп – 197,6 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары – 286 мың гектарға, азықтық дақылдар 1,1 млн гектарға егілген.
Сондай-ақ министрлік көктемгі-дала жұмыстарын жүргізуге бар жағдай жасалғанын, шаруалар қажетті ресурстармен қамтылғанын атап өтті.
Биылғы ақпан және маусым айларында көктемгі дала жұмыстары мәселелері ҚР Үкіметінің отырыстарында қаралған.
«Қазақстан қауіпті егіншілік аймағында орналасқан, оның ішінде астық егетін негізгі өңірлер: Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен өндіріс көлемі күзгі және қысқы ылғалдың жиналуына, көктем мен жаз мезгілінде жауын-шашынның түсуіне, көктемгі егіс жұмыстарының уақтылығы мен сапасына, дақылдарды күту бойынша агротехникалық іс-шараларға және егін жинау науқанына байланысты», – дейді министрлік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!