Биыл Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда 12 мыңға жуық жол ережелерін бұзу фактісі тіркелген, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жүргізілген талдауға сәйкес, Талдықорған қаласының аумағында ағымдағы жылдың 6 айында 94 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 6 адам қаза тауып, 157 адам жарақат алған (түрлі дәрежедегі дене жарақаттары). Жылдың басынан бастап патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 475 дерегін анықтады, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін 47 жүргізуші ұсталды. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 635 көлік құралы қойылды», – делінген Жетісу облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, шілденің 18-нен бастап ремпубликалық «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізілуде.
«Жазғы демалысқа байланысты Талдықорғанда көлік құралдары санының өскендігін атап өту қажет. Осы кезеңде жол-көлік оқиғалары артады. Осыған байланысты, жоғарыда аталған іс-шара шеңберінде полицейлер патрульдеуді, автокөлік құралдарын, оның ішінде жолаушылар көлігін тексеруді күшейтеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеуге, оларды басқару кезінде мұқият болуға, жылдамдықты асырмауға, ал жаяу жүргіншілерге жолды қатаң белгіленген орындарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде немесе бағдаршамның рұқсат беретін жерінен өтуді еске саламыз», – деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!