Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Биыл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған 25 мектеп ашылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұған дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 76 мың 738 орынға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Оның ішінде бүгінде 37 мектеп іске қосылды.

Білім беру нысандарын іске қосу нәтижесінде өңірлерде 48 мың жаңа оқушы орны пайдалануға берілді. Көпшілігі ірі мегаполистерде және оларға жақын агломерацияларда орналасқан.

Қор Қазақстанның білім беру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қордың қызметі мектептер, оларға қосымша құрылыс нысандарын, интернаттар салу, реконструкциялау арқылы үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жоюға бағытталған. Биыл 28 мың оқушы орнына арналған тағы 25 мектепті іске қосу жоспарланып отыр, – деді инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Марлен Қасенов.

Еске сала кетсек, биыл жыл басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шамамен 15 мың орындық тағы 20 жаңа мектептің салынатыны белгілі болды. Олар пайдалануға 2025 жылы беріледі деп күтіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!