Фото: depositphotos.com

2024 жылы 163 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 92,5 миллиард теңге қарастырылған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап. 

Биыл 163 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 92,5 миллиард теңге қарастырылған. Атап айтқанда, 109 шақырым жылу желілерін жөндеуге берілетін нысаналы трансферттер есебінен 68,6 миллиард теңге бөлінді, 54 шақырым реконструкциялауға шамамен 23,9 миллиард теңге Үкімет резервінен жіберілді.

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдарға қаржыландыру жоспарына сәйкес сәуірден бастап 92,5 миллиард теңгенің 37,5 миллиард теңгесі аударылды. Бұл ретте жылумен жабдықтаудың 63 жобасының 8 жобасы бойынша жұмыс аяқталып, 51 жоба бойынша желілерді төсеу басталды, 82 шақырым жол салынды», – деп мәлімдеді Қанат Шарлапаев.

Биыл 12 тамыздан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ТКШ және әлеуметтік сала объектілерін алдағы жылыту маусымына дайындау бойынша кешенді тексеру жүргізіп жатыр.

Әкімдіктер үшін өңірдегі жүргізіліп жатқан жұмыс бойынша бақылау мерзімдері белгіленді:

  • қыркүйектің аяғына дейін жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау;
  • 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің, 15 қазанға дейін – денсаулық сақтау, ТКШ және тұрғын үй қорының объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз ету қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!