Танымал блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы бүгін, 14 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігі айтты, деп хабарлайды Адырна.
«Қазақстан Республикасының азаматы 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жарияланды. Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған»,-делінген хабардамада.
Блогер заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінуде.
Күдікті 5 жыл бойы «Instagram» әлеуметтік желісінде, «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ «Telegram»-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.
«Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен. Осылайша, Қамза Қ.Б. азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған»,-деп толықтырды ҚМА.
Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған. Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!