Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілерде тарап кеткен блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, бұл тізім ресми құжат емес және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне қатысы жоқ.

«Әлеуметтік желілерде тараған тізім мемлекеттік кірістер органының салық бақылауы аясында жасалған акт емес», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен. 

Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.

19 ақпанда ҚМА төрағасының орынбасары салық органдары тексерісті аяқтағанға және залалдың нақты мөлшерін анықтағанға дейін ведомство блогерлерге қатысты қылмыстық істі өз бетінше бастай алмайтынын мәлімдеді.

TengriTV YouTube арнасына берген сұхбатында Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова салық органдарына қазақстандықтардан шағым түскенін мәлімдеді. Ол блогерлерге хабарламалар 2025 жылғы ақпанда 2022 және 2023 жылдардағы деректерді талдау нәтижесінде жіберілгенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!