Елімізде халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі қайта енгізіледі. Бұл норма сенат депутаттары мақұлдаған заң жобасында қарастырылған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Қарастырылып отырған заңда (ред. – Мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы) мектеп түлектері үшін «Болашақ» бағдарламасы аясында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда жеңіске жеткендерге әлемнің ең үздік университеттеріне бакалавриат деңгейінде білім алуға мүмкіндік беретін норма енгізіліп отыр. Бұл норманың мақсаты – дарынды жастарды қолдау және еліміздің адами капиталын дамыту. Ең бастысы әлемнің жетекші университеттерінде білім алған және елге оралған түлектердің әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Біздің жастарға «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу қаншалықты тиімді болады? Екіншіден, елге оралған түлектерге жұмысқа орналасу тұрғысынан қандай қолдау көрсетіледі?», – деп сұрады сенатор.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің сөзінше, қазіргі таңда дарынды балалар олимпиадаларды жеңгеннен кейін халықаралық деңгейдегі университеттер өз гранттарын ұсынып жатады.
«Соңғы жылдары физика пәнінен алғашқы үш орынды алған балалардың өздері де шетелдік университеттерге түсіп жатыр. Олар қайтадан қайтып келген кезде де елде әрі қарай жұмыс істеуіне қолдау керегін бәріміз білеміз. Сондықтан шетелдік кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияда халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың тізімі бекітілген болатын. Алғашқысында олар міндетті түрде физика, математика, информатика болып есептелінеді. Қандай қолдау көрсетіледі дегенге келсек, «Болашақ» бағдарламасымен қайтып келген жастар елде жұмыс істеуіне қатысты біршама шарттары бар. Соларды орындағаннан кейін алған міндеттемелерінен босайды. Ал енді сол дарынды балалардың көпшілігін ғылымға баулуға тырысамыз. Өйткені олардың қабілеттерінің барлығы соған лайық болып келеді. Біз білетін балалар қазір Назарбаев университетінде жұмыс істеп жатыр»,- деді вице-министр.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев «Олимпиадаларды жеңген балаларды ғана бакалавриатқа жіберуге көмек көрсетесіздер ғой? Қалған бағдарлама магистранттарды, докторанттарды қаржыландыруға бағытталады, солай ма? Басқа өзгерістер болған жоқ па?» деп нақтылады.
«Жоқ, басқа өзгерістер болған жоқ», – деп қысқа қайырды вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!