Болашақ университетінің студенттік жатақханасына арнайы мониторинг жүргізілді. Бұл тексеру ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Қызылорда облыстық студенттік омбудсмені Назерке Жасұланқызы және Қызылорда студенттері Альянсының төрағасы Расул Базарханұлының ұйымдастыруымен өтті.

Тексеру барысында жатақханалардың қысқы маусымға дайындығы мұқият қарастырылды. Атап айтқанда жылыту жүйелерінің жағдайы, терезе және есіктердің тығыз жабылуы, жалпы жылу жүйесінің тиімділігі тексерілді. Сонымен қатар жатақханалардың қолайлылығы, санитарлық талаптарға сәйкестігі, қауіпсіздік стандарттарының орындалуы және тұрмыстық жағдайлардың (техника мен жиһаздың сапасы) талаптарға сай болуы назардан тыс қалмады.

Сонымен қатар студенттердің өзекті мәселелері мен сұрақтарына назар аударылды. Мониторинг барысында студенттер мен кездесу ұйымдастырылып, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Жатақхана тұрғындарына студенттік ұйымдар мен омбудсмен туралы ақпарат беріліп, байланыс құралдары ұсынылды.

Назерке Жасұланқызының айтуынша, мұндай мониторингтер студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту және олардың құқықтарын қорғау үшін өте маңызды. Алдағы уақытта жатақханаларда анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!