Бұған дейін БАҚ беттерінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Алайда оның туыстары бұл хабарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көмей ісігі ауруымен ұзақ уақыт күрескен Болат Назарбаевтың Алматыдағы ауруханада қайтыс болғаны туралы ақпараттар тараған еді. Хабарламаларда бұл ақпаратты оның қызы Гүлмира Әбішеваның растағаны айтылған.

«Барлығы жақсы, уайымдамаңыздар. Оның жағдайы жақсарып келеді. Мұның барлығы жел сөз», – деп түсінік берді Назарбаевтың туыстары.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті экс-президенттің інісінің қайтыс болғаны туралы мәлімет түспегенін атап өтті.

Еске салайық, 21 шілде күні БАҚ құралдарында Болат Назарбаевтың ауыр халде жатқан видеосы мен суреттері тарады. 

Дереккөздер тұңғыш президенттің інісіне пневмония мен тромбозбен асқынған көмей ісігі диагнозы қойылғанын хабарлады. 

Дәрігерлердің айтуынша, Болат Назарбаевтың жағдайы өте ауыр. Оған қоса науқастың қант диабеті бар, ол инсулинге тәуелді.

Осы ақпараттан кейін оның туыстары журналистерді үйіне шақырып, Назарбаевтың ауру халін көрсетеді. Назарбаевтың қызы Гүлмира Әбішева әкесінің ұзақ уақыт аурудан еңбекке жарамсыз болып, бұрын Германия мен Израильде ауыр емделуден өткенін айтады. Ол әкесін “дәрінің күшімен ғана отыр” деп сипаттайды.

Елімізде жылдың басында болған қаңтар оқиғаларынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің тарапына айтылған айыптаулар көбейді. Бірнеше кәсіпкер оны “ықпалын пайдаланып”, кәсібін рейдерлікпен жолмен тартып алды деп шағымданды.

Еске салайық, 19 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рейдерлікпен күресті күшейтуді тапсырған болатын.

Бұған дейін Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның кәсіпорынды басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Алғашында журналист Михаил Козачков таратқан ақпаратты кейін Қаржы мониторингі растаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!