Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан Болған ана кесенесінен бірқатар құнды жәдігерлер табылды. Және Болған ананың кейпі жаңғыртылды. Осы орайда ҚР Ұлттық музейінің халық қазынасы ғылыми зерттеу институтының басшысы, PhD доктор, археолог Айбар Қасеналин ҚазАқпарат тілшісіне тарихи құнды дүниелер туралы әңгімелеп берді.
«Болған ана ескерткіші Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан. Кесенеге археологиялық зерттеу жұмысы 2018 жылы басталды. Осыған дейінгі тарихи деректер Болған ананы Шыңғыс ханның қызы немесе келіні деп айтып келді. Бірақ соңғы жылдардағы генетикалық сараптаманың алдын ала нәтижесі бойынша Жошы ханның қызы деген болжам бар.
Кесенеден қазба барысында біраз жәдігер табылды. Атап айтқанда, алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ер-тоқым, қару-жарақ және тағы басқа заттар. Және табылған заттардың ерекшелігі сол Алтын орда дәуірінен хабар береді. Және табылған жәдігерлер Болған ананың өз дәуірінде аристократия қоғамының өкілі болғанын көрсетеді», – деді Айбар Қасеналин. Оның айтуынша, археологиялық қазба жұмыстарынан бөлек зертханалық талдау жасалған. «Мысалы, Болған анаға генетикалық зерттеу Жапония мен Ұлыбританияда жасалды. Бүгін көрмеде Болған ананың сол кездегі бейнесінің жаңғыртпасы қойылды.
Жаңғыртпа бірнеше антрополог және мүсіншінің көмегімен жүзеге асты. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары Болған ана кесенесінен бөлек, Жошы хан, Алаша хан кесенелерінде де жүрді. Одан бөлек, Ақмола облысы аумағында да қазба жұмыстары жалғасып, табылған жәдігерлер зерттеліп жатыр», – дейді ол.
Айта кетейік, бүгін елордадағы ұлттық музейде Болған ана кесенесінен табылған жәдігерлер мен Болған ананың жаңғыртылған бейнесі қойылған көрме ашылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!