Фото: ІІМ

KAZINFORM — БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде дропперлікке қатысты бір қылмыстық іс тіркелді.

Департамент басшысының орынбасары Азамат Ахметовтің мәлім еткеніндей, дропперлік схеманы ұйымдастырушылар «уақытша қосымша жұмыс» деген желеумен жас азаматтарға екінші деңгейлі банктерде өз атына шот ашуды ұсынған. Оның сөзіне қарағанда, интернет-банкингтің мобильді қосымшалары алаяқтардың ұялы телефондарына орнатылған. Сондықтан шоттарға қолжетімділік солардың бақылауына алынған.

— Мұндай әрекеттерге қатысқаны үшін дропперлер 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырған. Интернет-алаяқтықтың құрбанына айналған азаматтардың ақшалай қаражаты аталған шоттар арқылы аударылған. Осылайша, заңсыз операциялардың жалпы көлемі 17 миллион теңгеден асты, — дейді А.Ахметов.

Оның айтуынша, банк шоты бұғатталғаннан кейін дропперлердің бірі заңсыз әрекеттерге одан әрі қатысудан бас тартқан. Алайда қылмыстық топ мүшелері қаражатқа қол жеткізу мақсатында оны ұрлап әкетіп, күш қолданамыз деп қорқытып, шотқа қолжетімділікті қалпына келтіруді талап еткен.

Қазіргі уақытта ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталу сатысында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!