Фото:depositphotos.com

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының (ҰҰА) сынықтары табылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі өңірдің Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас заттардың табылуына байланысты тексеру шараларын жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

ПД өкілдерінің мәліметінше, нысан елді мекендерден алыс, шалғай аумақта табылған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін Telegram-арналарда 2025 жылдың 24 наурызында сағат 21:15-те белгісіз ҰҰА сынықтарының табылғаны туралы хабар тараған еді.

Оқиға орнына Жәнібек учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері, аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы, төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті атқарушы органдар және прокуратура өкілдері барғаны хабарланды.

Еске салайық, бұл – Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшу аппаратының құлауы тіркелген үшінші жағдай. 18 наурызда үш метрлік ұшқышсыз ұшу аппараты Тасқала ауданында құлады. Ал 18 ақпанда белгісіз ұшу аппаратының Бөкейорда ауданының Ұялы ауылында құлағаны айтылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!