Батыс Қазақстан облысы аумағында ұшқышсыз ұшу аппаратының құлағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта уәкілетті қызметтермен бірлесіп, Ақжайық ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас заттардың табылуына байланысты тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

«Аталған нысан елді мекеннен тыс жерде табылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда»,– деді департаменттің баспасөз қызметі.

Тұрғындардың айтуынша, ұшқышсыз ұшу аппараты Қарауылтөбе ауылының маңына құлаған.

Бұл өңірдегі алғашқы жағдай емес. 2025 жылдың күзінде Бөрлі ауданындағы Қызылтал ауылы маңында жауынгерлік заряд орнатылған дрон жарылып, оқиға орнында шұңқыр қалған. Сол кезде көршілес Орынбор облысында әуе дабылы жарияланған. Бұған дейін де осындай оқиғалар тіркелген. Наурыз айында Жәнібек және Тасқала аудандарында, ал бір ай бұрын Бөкейорда ауданында дрондардың құлауы байқалған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!