1 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде сержант күні атап өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыдан тура 29 жыл бұрын елімізде сержанттар даярлайтын алғашқы оқу орны – Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы құрылған болатын. Бүгінде бұл оқу орны кіші буын командирлер білім алатын әскери колледжге айналған.

Сержанттар корпусы Қазақстан әскерінде шешуші рөл атқарады. Сарбаздардың жауынгерлік дағдылары, олардың моральдық жағдайы және іс-әрекеттегі үйлесімділігі кіші командирлерге байланысты. Олар әрқашан сарбаздардың жанында болып, офицерлерге бөлімшелерді басқаруға көмектеседі.

Қазақстанда сержанттарды даярлау жүйесін қалыптастыру бірнеше кезеңнен өтті.

1996-2001 жылдары халықаралық тәжірибеге бағдарланған Кадет корпусы құрылды.

2001-2008 жылдары  3-ші, 2-ші, 1-ші сыныпты сержант, «штаб-сержант», «шебер-сержант»  лауазымдары мен атақтары енгізілді.

2008 жылдан бастап дайындық жүйесі көп деңгейлі болды. Кәсіби тұрғыда өсу үшін сержанттар үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

2012-2016 жылдары сержанттың әскери қызметші ретіндегі мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді. Осыған сәйкес,  олар тек бағыныстыларды басқарып қана қоймай, оқытып, тәрбиелейді.

Бүгінде сержанттарды  Астанадағы (Сағадат Нұрмағамбетов атындағы) және Щучинск қаласындағы (Шоқан Уәлиханов атындағы) Қорғаныс министрлігінің әскери колледждерінде  даярлайды. Биыл Алматыда Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі ашылды. Онда дене шынықтыру нұсқаушылары дайындалады.

Қазақстан сержанттары халықаралық жарыстарда өздерінің кәсібилігін үнемі дәлелдеп отырады. Мысалы, сержант Аслан Дархан мен гвардия сержанты Рауан Тоқтарбеков Аризона штаты Ұлттық гвардиясының жарыстарында жақсы нәтиже көрсетті. Аслан Дархан 800 метрге жүгіруде рекорд орнатты, ал Рауан Тоқтарбеков үздік атқыш атанды.

Бүгінгі таңда сержанттар – әскери тәртіптің негізі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!