KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Үкіметтің кезекті отырысы басталады. Онда қазіргі және алдағы кезеңдегі маңызды 2 мәселе қаралады деп жоспарланған.

Нақтырақ айтқанда, Үкімет отырысының күн тәртібіне мына мәселелер шығарылып отыр:

2025 жылғы өртке қарсы маусымға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар
Су тасқыны жағдайы.
Аталған мәселелер бойынша Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ бірқатар облыстың әкімі баяндама жасайды.

Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрі Үкімет отырысында су тасқыны жағдайын баяндайды. Ол 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталмақ. Министр баяндамасында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қалай жүргізілгенін егжей-тегжейлі айтады. Сондай-ақ елдегі су қоймаларындағы соңғы ахуал жайлы мәліметтермен бөліседі.

Еске сала кетесек, жақында Президент Су кодексіне қол қойған болатын.

Ал, Төтенше жағдайлар вице-министрі өрт қаупі кезеңіне дайындық мәселесіне, су тасқынына қатысты қазіргі ахуалға жан-жақты тоқталады.

Экология министрі Қазгидрометтің алдын ала болжамына сәйкес, биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болатынын, осыған байланысты облыс әкімдіктері орман өрттерінің алдын алу бойынша жан-жақты шаралар қабылдап, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіруі қажеттігін баса айтады.

Отырыс біткеннен кейін баспасөз мәслихаты өткізіледі. Онда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.

Баспасөз конференциясының тікелей таратылымын YouTube ресми арнасынан және Facebook әлеуметтік желісінен көруге болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!