Елордада тегін үйірмеге тіркелген 69 мың баланың әрі қарайғы тағдыры беймәлім күйде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алдына балаларға спорт және шығармашылық үйірме қызметін ұсынушы кәсіпкерлер мен ата-аналар жиналып, «Артспорт» жобасының аясындағы тегін үйірмелерді қаржыландыру мәселесін біржола шешіп беруді талап етті. Президент тапсырмасы аясында қолға алынған тегін үйірмелер былтыр елордада пилоттық жоба аясында жүзеге асып, 5000 бала қамтылған көрінеді. Биыл сұраныс күрт артып, 17 мың бала бюджет есебінен үйірмеге жазылған. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат былтырғы қарызды жауып, биылдың алғашқы 3 айын қаржыландырудан аспай қалған.
Жобадан көп үміт күткен кәсіпкерлер осы 17 мың баланы қамту үшін ғимараттарды жалға алып, үйірмеге бейімдеп, біраз шығындалғандарын айтады. Оның үстіне үйірме бапкерлері мен тәлімгерлердің айлығын төлеу де проблемаға айналған. Бюджет тапшылығы үйірмені ұсынушылармен бірге ата-аналардың жоспарын да бұзып отыр. Соның бірі – Раиса Арестанова.
«Жиенім қолөнер мен би үйірмесіне барып жүр. «K-pop» деген бағыты шығыпты ғой. Бәрі жақсы болған еді. Енді тоқтап қалады деп жатыр. Қызым – екінші топтың мүгедегі. Қазір жұмыссыз отыр. Оның қызын ақылы үйірмеге жіберетін мүмкіндігі мүлде жоқ. Сондықтан Қостанай облысынан арнайы келдім. Жиенім үйірмеге бармаса, жаз бойы менің қасымда болсын. Біздің ауыл Нұр-Сұлтаннан 1000 шақырым жерде жатыр. Сонша жерден жиенімді алып кетейін деп келген едім. Бүгінгі жиынның болатынын естіп, қолдау білдіруге келіп тұрмын. Мәселе шешіліп, үйірмесі жалғасса, жиенімді тасымалдап әуре болмас едім», – дейді ол.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевпен осы мәселе бойынша кездесуге үйірме қызметін ұсынушылар атынан Қуат Ерғалиев жазылған екен. Министрге кірер алдында ол да БАҚ өкілдеріне пікір білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!