ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациядан өткізу және лицензиялау жұмысы туралы айтып берді.

«Білім беруді дамытудың маңызды құралы – сапаға мән беру. Осы орайда білім мекемелері мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Соңғы 5 жылда мемлекеттік аттестаттау өткізілмеді және білім беру қызметтерінің сапасына наразылықтың артқанын байқадық. Сондықтан мемлекеттік аттестаттау қайта қолға алынды. Ол мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бармай-ақ жаңа форматта өткізіледі», – деді Ғани Бейсембаев ведомствоның кеңейтілген отырысында.

Министрдің мәліметінше, былтыр 2363 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтті.

«Оның 77% алғашқы сәттен өте алмады. Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, БҚО, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстарының білім мекемелері бар. Одан бөлек, мектептер мен колледждерді лицензиялау кезінде көптеген мәселе туындайды. Мұндағы проблема – құжаттарды дұрыс ресімдемеу. Осы орайда қызметін лицензиясыз атқарғаны үшін 34 мектепке айыппұл салады. Білім беру ұйымдары лиценциясыз жұмыс істемеуі керек», – дейді ол.

Бұған дейін Ғ. Бейсембаев балабақшада 3-4 жасар бүлдіршіндерді сабақ емес, ойын арқылы дамыту әдісі енгізілгенін айтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!