Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қазақстандағы шекара өткізу пункттерінде қолданылатын «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі ақылы негізде жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Байдос Байбозин тікелей эфирде мәлімдеді. Оның айтуынша, электрондық кезекті «CarGoRuqsat» мобильді қосымшасы немесе веб-нұсқасы арқылы алдын ала брондауға болады. Бұл тасымалдаушыларға шекарадан өту уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды KAZINFORM.

— Электрондық кезек ақылы негізде жұмыс істейді. Төлем мөлшерлері Қаржы министрінің 2023 жылғы 25 мамырдағы № 538 бұйрығымен бекітілген, ал төлем тәртібі 2023 жылғы 27 маусымдағы № 707 бұйрықта көзделген. Қазіргі таңда стандартты брондау құны — 1 айлық есептік көрсеткіш, жедел өту — 100 АЕК, ал кепілдік жарна — 20 АЕК. Кепілдік жарна бронь талапқа сай пайдаланылған жағдайда қайтарылады немесе қайта қолдануға мүмкіндік береді, — деді Байдос Байбозин.

Осылайша, аталған жүйе шекарадан өту үдерісін жеңілдетіп, көлік ағындарын тиімді реттеуге мүмкіндік беріп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!