Азаматтық хал актілерін тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне түзетулер енгізілді.


Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.


Бүгінде тіркеу рәсімдерін жеңілдету, әкімшілік кедергілерді азайту, сонымен қатар қағаз-бастылықты жою мақсатында мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды түрде көрсетіледі. Тіркеу құжаттары бойынша электронды мұрағат жүйесінің қалыптасуы азаматтардың уақытын үнемдеп және көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасын көтереді сөзсіз. Бұл дегенің – халықтын мүддесі үшін жасалған мүмкіндік.


Неке (ерлі-зайыптылық) некеге тұруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген түлғалардың қатысуымен неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілгеннен кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін күнтізбелік он бесінші күні некені заңдастыруға болады. Ал бұрын отыз күн күту қажет болатын.


Сондай-ақ, некеге отырушылардың (ерлі-зайыпты болушылардың) қалауы бойынша ерекше мән-жайлар (жүктілігі, бала тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қауіп төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) болған кезде мерзімді қысқарту немесе ұлғайту мүмкіндігі туралы нормалар сақталды.
Азаматтар қай өңірде туғанына қарамастан туу туралы қайталама куәлікті және неке қию, неке бұзу, қайтыс болу туралы қайталама куәлікті қалауы бойынша кез келген тіркеуші органнан ала алады.
Ата-аналардың таңдауымен баланың тууын тіркеу проактивті тәсілмен, SMS хабарламалар арқылы көрсетіледі.


Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде берілген балалардың тууын тіркеу үшін құжаттар тізбесі кеңейтілді. Мысалы, егер бала Өзбекстанда туылса және туу туралы куәлік туған жері бойынша берілсе, жаңа түзетулерге сәйкес ата-аналар баланың нақты туған жерін көрсете отырып, кез келген тіркеуші органда Қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті ала алады.


Азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір түрлері автоматтандыруға байланысты алынып тасталғанын да айта кеткен жөн. Бала асырап алу туралы куәлік, немесе әке болу және туу туралы куәлік, тіркеуші орган баланың жеке деректері мен ата-анасы туралы мәліметтерді қамтитын бір ғана баланың туу туралы куәлігін береді.


Сонымен қатар, атын, әкесінің атын, тегін өзгертуді мемлекеттік тіркеу алып тасталынды.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгертуге жататын мәліметтер туу туралы, некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе бұзу туралы тиісті акт жазбаларына атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы қорытындының негізінде енгізіледі.


Тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін туу туралы, некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік беріледі.
Сот шешімі негізінде некені бұзуды тіркеу тәртібі де автоматтандырылды. Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде енгізіліп, неке қию туралы жазбаға оның бұзылғаны туралы белгі қойылады.
Қайтыс болу туралы акт жазба медициналық куәлік негізінде автоматты түрде тіркеледі және қайтыс болған адамның туыстары «электрондық үкімет» порталы арқылы қайтыс болу туралы хабарлама алуына мүмкіндік бар және қайтыс туралы куәлік алудың қажеттілігі жоқ.


Барлық аудандық, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің мұрағатындағы 2008 жылға дейінгі тіркелген (туу, неке қию, неке бұзу, әкелікті анықтау, бала асырап алу, қайтыс болу, тегін, атын және әкесінің атын өзгерту туралы) азаматтық хал актілеріне сканер жұмыстары жүргізіліп, акт жазбалары өзектендірілуде.


Сол себепті азаматтар өз деректерінің дұрыс – бұрыстығына мұқият қарап, әлеуметтік төлемдерді алуға, зейнеткерлер, басқа да құқықтық көмек көрсетуде кедергілер болмас үшін өздері, балаларының және жақындарының құжаттарын тексеру үшін жергілікті жерде орналасқан аудандық, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөліміне жолығуларына болады. Тіркеу құжаттары бойынша электронды мұрағат жүйесінің қалыптасуы азаматтардың уақытын үнемдеп және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеруге үлесін қосарымыз анық.

Досмаганбетова Г.Н,


Қызылорда облысы Әділет департаментінің
Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік
қамтамасыз ету және бақылау
бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!