Гик-мәдениет фестивалі аясында «Аниме дубляжы: қазақша даббинг» атты шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны Anidybys дубляж студиясы блогер DickThor-пен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шара қазақ тілінде өтті және дубляжға, аниме локализациясына қызығатын жастарды, шығармашылық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерді, сондай-ақ болашақ дубляж актерлерін жинады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлік сағатына жоғары қызығушылық қазақтілді дубляжға деген сұраныстың артқанын және бұл бағыттың жастар арасында өзекті екенін көрсетті. Қатысушылар кәсіби кеңестер тыңдап қана қоймай, дубляж актері рөлін өздері сынап көру мүмкіндігіне ие болды.
Шеберлік сабағы аясында сөз сөйлеген Anidybys студиясының негізін қалаушы, киноның дыбыс режиссері, дубляж режиссері және актері Диас Балаби дубляж жасау үдерісі, кадр сыртындағы және синхронды дыбыстау айырмашылықтары, сондай-ақ анимені қазақ тіліне бейімдеу ерекшеліктері туралы жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар, қатысушыларға тәжірибелік сабақ өткізді.

«Біз анимені жай ғана дубляждамаймыз, біз қазақ тілді медиамазмұнды жасаймыз. Қазақ тілі заманауи, жастарға жақын контексте естілуі тиіс. Аниме – осы бағыттағы тамаша мүмкіндік. Мұнда ынталы, талантты жастардың көп болғанына қуаныштымын», – деді Диас Балаби.
Comic Con Astana–2025 13 шілдеге дейін Қазақстан астанасында жалғасады.
Бағдарламадағы дәстүрлі элементтердің бірі – жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы. Қазылар алқасының құрамында: Яя Хан (АҚШ), Cinderys (Франция), RanHime (Қырғызстан), FrauHaku (Ресей), Ainaven Elf! (Қазақстан), Danik(Қазақстан), MiddayofSiberia (Ресей) және басқалар бар.
Фестивальдің басты хедлайнерлері – голливудтық актерлер Энди Серкис, Эсай Моралес және Скотт Эдкинс. Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Marmok, Qewbite, Антон Милс, Johan, EugeneSagaz, Настя Джексон және Metal Family бар.
Comic Con Astana-2025 Астана әкімдігі мен «AstanaTourism» Туризмді дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!