Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтарда халыққа жасаған үндеуі бұрыңғылардан өзге. Ол күнді тек барша қазақстандықтар ғана емес, әлем саясаткерлері де тағаттана күтті. Ел дамуының басым бағыттарын жаңа көзқарастық тұрғыдан қалыптастырып, егемендігіміз үшін мәні де, тарихи маңызы да ерекше зор сипатқа ие болды.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде болған оқиғаларды саралап, бұл дағдарыстан Қазақстанның қуатты әрі күшті мемлекет болып шығатындығына нық сенім білдірді. Мемлекеттік қауіпсіздік мәселесінен бастап, әлеуметтік-экономикалық даму, саяси реформалар кешенін жүзеге асыру бастамасы көтерілді. Елдің күрделі кезеңге аяқ басқанын ескерсек, үндеуде айтылған тапсырмаларды жауапкершілікпен жүзеге асыру аса маңызды.

Үндеуде елде әлеуметтік, экономика, бизнес саласында  қалыптасқан проблемаларды сындарлы ашық айтылуы жылдар бойы қордаланған мәселелердің халық пайдасына оң шешімінің табылатынына  көңілге сенім ұялатады.

Қазақстандықтар үшін үндеудегі маңызды тапсырмалардың бірі – инфляция мен жаппай қымбатшылық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты болды. Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, жаңа үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Осы орайда, Президентіміз Үкімет халықтың мұң мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты.

Елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін, «тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнімдер бағасының шарықтап кетуі, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны тежеуді, олигархиялық әділетсіз жүйені жоюды, қауіпсіздік пен сыртқы қорғанысын қамал етуді стратегиялық міндеттер ретінде алуы – халықтың әл-ауқатының артуына, елімізде тұрақтылық пен бейбітшіліктің, экономикалық дамуы мен гүлденуіне әкелетіні айқын.

Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы халықтың құқықтық мәдениетін дамыту процесінен бөлінбейді. Бұл өз кезегінде дамыған азаматтық қоғам құруға ықпал етеді.  Қоғамдық санада құқыққа деген көзқарас әлеуметтік әділеттілік, гуманизм, жеке бас бостандығы негізінде тұрақты әлеуметтік құндылық ретінде қалыптасуы керек. Азаматтардың құқықтық мәдениетінің жағдайы оның құқықтық жүйесінің көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Осы бағытта әділет органдарының негізгі функцияларының бірі – құқықтық түсіндіру жұмысының орны ерекше.

Экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді табысты шешу қоғамның құқықтық мәдениетін көтермей, әрбір азаматтың заңды терең құрметтеуіне тәрбиелеусіз, оның ережелерін күнделікті өмірде іске асыруға тікелей және белсенді қатысуға дайындығын қалыптастырмай, халықтың құқықтық сауаттылығы болмаған кезде мүмкін емес.

Құқықтық сауаттылықты арттыру және  халықтың тәулік бойы тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері қарастырылған. Құқықтық ақпараттық қызметтің жұмысы туралы тұрғындарды құлақтандыру мақсатында хабарландырулар таратылып, ресми сайтқа және әлеуметтік желілердегі парақшаларға, газет беттеріне ақпараттар жарияланып отырады. Қазіргі уақытта Құқықтық ақпараттық қызмет шеңберінде тегін құқықтық түсіндірмелерді ұялы байланыс арқылы алу мүмкіндігі кеңінен қолданылады.

Әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер арқылы тұрғындарға тегін заң қызметтерін көрсету аясында нотариустар, адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылармен жүйелі түрде консультациялар беріліп отырады, сондай-ақ Әділет департаменті қызметкерлерімен департаменттің негізгі қызмет бағыттарымен сот актілерін орындау, аттестациялаудан өту және лицензия алу, авторлық құқық, мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік қызмет көрсету салалары бойынша да құқықтық көмек көрсетулер онлайн режимде жүзеге асырылады.

Қолданыстағы заңнамамен белгіленген негізде және тәртіпте азаматтардың жекелеген санаттарына адвокатпен қызметтер тегін көрсетіледі. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының қызметтері де әлеуметттік маңызы бар істер бойынша өтеусіз бюджет  қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.

И.БАКИШЕВА,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!