Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жариялайды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы – ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында табысталады.

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Клас­­сикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Ха­лық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.

Сыйлық алуға халықаралық және респуб­ликалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен 29 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері жүргiзедi. Жеңімпаздарға Үкімет қаулысымен «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Сондай-ақ лауреаттар дип­ломмен, төсбелгілермен сондай-ақ ақшалай сыйлықпен марапатталады. Жыл сайын сыйлықты ұсыну Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін мерекелеу аясында өткізіледі.

Үміткерлердің құжаттары 2022 жылғы 10 тамызға дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетіне (қағаз нұсқасы) келесі мекенжай бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 10, «Министрліктер үйі» ғимараты (14-кіреберіс), 8(7172)74-05-25, 8(7172)74-18-43, 8-701-170-46-54; және (электронды нұсқа) premiya.daryn@gmail.com электронды поштасы арқылы қабылданады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!