Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев ауыл ипотекасын 1%-бен іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Соңғы 20 жылдың ішінде елімізде 1400-ден астам ауыл жойылып кетті, ал Үкіметтің бағалауы бойынша тағы 500 ауылдық елді мекен «перспективасы жоқ» елді мекендер қатарына енгізіліп отыр», – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, ауылда заманауи қолайлы тұрғын үйлер жоқ, инфрақұрылым әлсіз, адамдарға жұмыс жоқ, әлеуметтік қолдау да жеткіліксіз.
«Ауыл» партиясы фракциясы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесін алға қойып отыр, ол ең алдымен мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдетуді; ауыл ипотекасын 1%-бен іске қосуды; әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін беруді қамтиды. Ауыл тұрғындары күн сайын қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күреспеуге тиіс. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңа мемлекеттік қолдау шараларымен толықтыруды қамтиды», – делінген депутаттық сауалда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!