Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, ауылдардың жаппай жабылуына қатысты алаңдаушылығын білдіріп, елді мекендерді сақтап қалу үшін Үкіметке нақты 7 ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы 34 жылда көптеген ауылдар «болашағы жоқ» деген желеумен жабылып, бұл үрдіс әлі де жалғасуы мүмкін. Сарапшылар алдағы уақытта тағы 2 мыңға жуық ауыл жойылады деп болжап отыр.
Ауыл – тек экономика емес, бұл – ұлттың негізі, мемлекеттің қауіпсіздік факторы, – деді депутат.
Осыған орай, Жигули Дайрабаев Үкіметке келесі ұсыныстарды қарастыруды ұсынды:
- Шекаралық және шалғай ауылдарға арналған жеке даму шешімін қабылдау.
Бұл елді мекендерде өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. - Қоныс аударушыларға қолдау көрсету.
Атап айтқанда, үй сатып алу немесе салу үшін берілетін субсидия көлемін арттырып, инфрақұрылым мен коммуналдық төлемдерге өтемақы қарастыру ұсынылды. - Ауыл шаруашылығы мамандарына қолдау.
Қаладан ауылға көшетін мамандарға арзан техникалық несие мен мақсатты субсидиялар беру керек. - Ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін рәсімдеуді жеңілдету.
Сонымен қатар, жас фермерлерге оқыту бағдарламаларын енгізіп, «Бір ауыл – бір кооператив» қағидаты бойынша агрокооперацияларды дамыту ұсынылды. - Әр ауданда «бір терезе» қағидатын енгізу.
Арнайы жобалық кеңсе құрып, көші-қон, әлеуметтік көмек, жұмысқа орналастыру мен тұрғын үйге қатысты барлық мәселені бір жерден шешу тетігін енгізу керек. - Кәсіп ашқысы келетін азаматтарға қолдау.
Оларға гранттар мен жеңілдетілген несиелер беруді қарастыру қажет. - Ауыл кәсіпкерлеріне төмен пайызбен ұзақ мерзімді несие беру.
Елді мекендердің дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлерге арзан қаржы ұсыну арқылы ауылдық жұмыспен қамтуды ынталандыру керек.
Депутаттың пікірінше, бұл бастамалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, жастарды ауылда тұрақтандыруға серпін береді. Сонымен қатар, көші-қонды азайтып, экономикалық теңгерімді сақтау үшін маңызды қадам болмақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!