ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ЖСДП» фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай Қызылорда қаласының сол жағалауында өткен жылдың соңында пайдалануға берілген жаңа Оқушылар сарайына барып, мекеме жұмысымен танысты. Депутатпен бірге ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков те болды. Кездесуді Оқушылар сарайының директорының міндетін атқарушы Мағжан Қаракөз жүргізіп, мекеменің негізгі бағыттары мен жетістіктері туралы жан-жақты баяндады.
Оқушылар сарайында 300 бала білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап келеді. Мұнда 30-ға жуық үйірме жұмыс істейді, олар балалардың әртүрлі қабілеттерін дамытуға арналған. Мекемеде 38 қызметкер еңбек етуде. Жаңа ғимарат балалар мен жасөспірімдерге өз қабілеттерін дамытуға барынша қолайлы жағдай жасайды.
Мекемедегі ең белсенді үйірмелердің бірі – хореография үйірмесі. Жетекшісі, жоғары санатты педагог-хореограф, мәдени-тынығу жұмыстарының магистрі Асель Бекзатханқызы би өнерінің дамуына зор үлес қосып келеді. Хореография үйірмесі қатысушылары түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, аймақтық және республикалық деңгейде өз өнерлерін көрсетуде. Облыс әкімінің жаңа жылдық шыршасына қатысқан балалар «Қуыршақ» және «Вальс» билерімен ерекшеленіп, жоғары бағаланды. Сонымен қатар, үйірме тәрбиеленушілері Республикалық «Би Fest» байқауында бірінші орын алып, кубок пен медальдарға ие болды.
Робототехника үйірмесі де мекеменің мақтанышы саналады. Үйірмені жетекші Бейбарыс Раушанбекұлы балаларды инновациялық технологиялармен таныстырып, олардың техникалық шығармашылығын дамытуда. Қалалық және облыстық жарыстардың үздіксіз төрешісі, Казроботикс республикалық федерациясының мүшесі ретінде жетекші оқушыларды робототехника әлеміне қызықтыра біледі. Балалар түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Вокал үйірмесі де жоғары нәтижелерімен ерекшеленеді. Жетекшісі Салтанат Сейдуллақызының жетекшілігімен тәрбиеленушілер республикалық және халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған. Мәселен, Жүсіпов Мұстафа аспап өнерінен гран-при иеленсе, Нұржан Нұрханым вокал өнерінен екінші орын алды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік Жұлдыздары» республикалық байқауында Жунитова Раяна және Нұржан Нұрханым бас жүлдеге ие болды.
Депутат Наурыз Саятұлы Оқушылар сарайының жұмысына жоғары баға беріп: «Бұл мекеме – өңір жастарын шығармашылық, ғылым және өнерге баулудың керемет алаңы. Мұндағы талантты балалардың жетістіктері – ел болашағына жасалған үлкен инвестиция. Осындай заманауи орталықтардың арқасында балалардың қабілеттері дамып, үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне сенемін» деді.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков мекеме жұмысына оң бағасын беріп: «Осындай орталықтар – болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін орындар. Балалардың білімі мен қабілеттерін дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын көріп, қуанып отырмыз» деп атап өтті.
Оқушылар сарайының директорының міндетін атқарушы Қаракөз Мағжан Қанатұлы депутатқа мекеме ұжымының жұмыс бағыттары мен алдағы жоспарлары туралы баяндап: «Біздің мақсатымыз – балалардың шығармашылық және ғылыми қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін орта құру. Жаңа ғимаратта жұмыс істеу біз үшін үлкен жауапкершілік, әрі үлкен мүмкіндік» деді.
Бұл кездесу жаңа Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, оның өңірдегі балалардың дамуындағы рөлін айқындауға мүмкіндік берді. Осындай мекемелер жас ұрпақтың білім мен өнер жолында жетістікке жетуіне зор ықпал етеді.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!