Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Қызылорда облыстық Жастар орталығында жастармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Сондай-ақ жүздесу барысында жастар саясатын іске асырудың тетіктері талқыланып, жастарға арналған орталықтардың болашағы, олардың қызметін жандандыру және басқарма деңгейінде құрылымдау туралы нақты пікірлер айтылды.
Жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров жастар саясатына байланысты өз ойымен бөлісіп:
«Жалпы, жастар саясатын ілгерілету қажет деп санаймын. Жастар ресурстық орталығы басқарма деңгейінде ашылуы керек. Бұл салаға арнайы мамандар мен тұрақты қаржыландыру қажет. Тіпті жастар орталықтарының жұмысы тоқтауы мүмкін деген де сыбыс бар. Бұл мәселе жастардың әлеуетін дамытуға кері әсерін тигізуі мүмкін», – деді.
Депутат Наурыз Сайлаубай бұл пікірмен толық келісетінін білдіріп, жастар саясатының ел дамуындағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол жастар ресурстық орталықтарының басқарма деңгейіне көтерілуі қажеттігін қолдайтынын, бірақ бұл мәселенің әлі нақты шешімін таппай отырғанын айтты.
«Бұл мәселені Парламент депутаты Нартай Аралбайұлы да бірнеше рет көтерді. Өзім де кезінде жастар орталығында жұмыс істеген адам ретінде мұндай орталықтардың басқарма деңгейінде жұмыс істеуін қалаймын. Бірақ бұл мәселе аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, қаржыландыру мүмкіндіктеріне байланысты екенін түсінуіміз керек.
2013-2019 жылдар аралығында жастар саясаты өте қарқынды жұмыс істеді. Сол кезде жастар мәселесімен арнайы басқарма айналысты. Кейін бұл жұмысты Қоғамдық даму басқармасына біріктірді. Бұл шешім жастар саясатының айқын бағыттары мен мүмкіндіктерін шектеуге алып келді. Менің ойымша, мемлекетте басқарма құрылымдары стандартты түрде жұмыс істеуі керек.
Қазіргі таңда жастар ресурстық орталықтарының басқармасы тек Шымкент, Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында ғана бар. Бұл басқа аймақтарда жастардың дамуы мен қолдауына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жастар орталықтарын басқармаға айналдырудан бұрын, олардың жұмысын жандандыру, қаржыландыруды арттыру мәселелеріне назар аударуымыз қажет. Жастарға арналған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін нақты қолдау қажет», – деді депутат.
Кездесу барысында жастар ресурстық орталықтарының жұмысын күшейтуге байланысты ұсыныстар талқыланып, олардың болашағы туралы нақты жоспарлар талданды. Сонымен қатар, жастар саясатын дамыту бойынша аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалардың жетістіктері мен кемшіліктері сөз болды.
Мәжілісмен Наурыз Сайлаубай жастар саясаты – елдің тұрақты дамуының негізгі тетігі екенін ерекше атап өтті. Жастарға арналған орталықтардың сапалы жұмыс істеуі елдің болашағына салынған инвестиция деп бағаланды. Сондықтан мұндай орталықтардың жұмысын күшейту, қаржыландыру көлемін арттыру және кәсіби мамандарды тарту мәселесі күн тәртібінде басты орын алуы тиіс екені айтылды.
«Қазіргі жастар – біздің ертеңгі болашағымыз. Оларға барлық мүмкіндіктерді ұсынып, олардың даму жолындағы кедергілерді жою – біздің міндетіміз. Әр аймақта жастарды қолдайтын сапалы орталықтардың болуы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына да оң әсер етеді», – деп түйіндеді депутат.
Бұл кездесу жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік берді. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Парламент деңгейінде әрі қарай талқыланып, қажетті ұсыныстар енгізіледі.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!