Бүгін Астана қаласының мәслихатында өткен отырыста тұрақты комиссияның төрағасы Батыр Қотырев қаңғыбас иттердің санын азайту үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында депутат Алтыншаш Табылдина елорда тұрғындарынан бұралқы иттерге қатысты көп шағым түскенін атап өтті.

«2021 жылы иттің қауып, шабуыл жасауына қатысты амбулаторлық деңгейде 193 жағдай тіркелді. Оның ішінде 89 жағдай 18 жасқа дейінгі балалар арасында болған. 2022 жылы ит қапқаны туралы 173 оқиға тіркелді. Оның ішінде 72 жағдай – балалар арасында», – деді Алтыншаш Табылдина.

Оның айтуынша, 23 қарашада депутаттар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, елорданың «Көктал-2» тұрғын алабында орналасқан қаңғыбас жануарларды ұстайтын «Астанаветсервис» коммуналдық кәсіпорнына барған. Депутат ол орынның талапқа сай келмейтінін атап өтті. Яғни, онда тиісті жарықтандыру, бейнебақылау камералары болмаған. Сонымен қатар Алтыншаш Табылдинаның сөзінше, жануарларды ұстау орталығының қоршауларынан иттер кедергісіз шығып кете алады. Бұл өз кезегінде адамдарға қауіп төндіреді.

Тиісті орган басшыларының баяндамасы мен депуттар пікірін ескере отырып, комиссия төрағасы Батыр Қотырев елордада қаңғыбас иттердің санын азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында әкімдікте жұмыс тобын құруды ұсынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!